20:19, 29 Наурыз 2022 | GMT +5
Семейде биыл көппәтерлі 75 үйдің құрылысы жүргізілуде
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында биыл көппәтерлі 75 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін Қарағайлы шағын ауданында көппәтерлі үйлер салуға арналған негізгі алаңдар белгіленді. Алдағы уақытта онда 293 гектар аумақта 36 мыңға жуық адам тұрады деп жоспарланып отыр.
«Осы жылы шаһар бойынша жалпы ауданы 367,4 мың шаршы метрді құрайтын 4 396 пәтерлік 75 үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 31-і жеке инвесторлар есебінен салынуда. Бұдан бөлек, 51 құрылыс жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Оның 18-нің мемлекеттік сараптама қорытындысы бар», - дейді шаһар басшысы Бақытжан Байахметов.
Оның айтуынша, тұрғын үйлерді пайдалануға беру кесте бойынша жүргізілуі тиіс.