Семейде екі адамды қағып, бірін мерт қылған жүргізуші іздестірілуде
Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінен мәлім еткендей, 27 тамыз күні шамамен кешкі сағат 8-де Семейдің «Бобровка» саяжай алабына алып баратын трассада белгісіз көлік екі жаяу жүргіншіні қағып кетті. Олардың бірі оқиға орнында көз жұмды.
«Анықталғандай, белгісіз көлік жол бойымен келе жатқан екі ағайындыны қаққан. 16 жастағы жасөспірім қаза болды, 20 жастағы жігіт түрлі жарақаттар алды», - деді ШҚО ПД баспасөз хатшысы Әйгерім Нұрғазина.
Қазір қаланың полиция басқармасы «Ұстау» жоспарын іске асыруда. Зардап шеккендердің бірінің айтуынша, оларды қаққан көліктің маркасы - «Toyota Land Cruiser Prado», түсі – қарақоңыр.
«ШҚО Полиция департаменті адамды қағып өлтірген жүргізушіні ұстау бойынша полиция қызметкерлері жүргізіп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарауға шақырады. Егер қандай да бір ақпаратқа ие болсаңыз немесе оқиға куәгері болсаңыз «102» нөміріне хабарласыңыз», - деді баспасөз хатшы.