Семейде екі жаңа мектеп салынып жатыр

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Семейге жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семейде екі жаңа мектеп салынып жатыр

Аймақ басшысы Степной және Шығыс кенттеріндегі мектептер құрылысының барысымен танысты. Қазіргі уақытта Шығыс кентінде 1200 орынға арналған мектеп салынуда. Мердігер – «Фирма Азия» ЖШС.​ Кентте мектеп жасындағы 4000-ға жуық бала тұрады.

Жаңа білім ордасының салынуы кенттегі екі мектептің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай мәселе бүгінде 300 орынға арналған жаңа мектептің құрылысы жүріп жатқан Степной кентінің тұрғындарын да толғандырып отыр.

«Биыл осы екі мектепті пайдалануға береміз. Олар басқа мектептердің шамадан тыс жүктемесін азайтады. Келесі жылы Қарағайлы шағынауданында және тағы бір ауданда 1200 орындық мектептің құрылысы басталады. Білім ордасын қайда салу керектігін нақты анықтау керек», - деді Даниал Ахметов.

Бүгінде қалада жылыту қазандықтарын жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жұмыс сапары аясында әкім қазандықтарды реконструкциялау барысымен танысты.

«Өткен жылы жылумен жабдықтау шаралары дұрыс жүргізілмеген еді. Ал бүгінде осы мақсаттағы жұмыстар оң қарқынмен жүріп жатқаны байқалады», - деді облыс әкімі.