Семейде екі жылда 400 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынды
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында соңғы екі жылда 400 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО әкімі Даниал Ахметов Семей жұртшылығымен кездесіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарының іске асырылу барысын сөз етті.
Кешенді жоспар аясындағы жұмыстар 2020 жылы басталып, 2025 жылға дейін жалғасады.
Жалпы сомасы 260 млрд теңгеге 56 жобаны іске асыру жоспарланған.
«Қарағайлы шағын ауданын дамытуға көп көңіл бөлінуде. Мәселен, екі жыл ішінде мұнда бес жалға берілетін және 15 несиелік үй пайдалануға берілді. Биыл шағын ауданда 1200 орындық заманауи мектептің құрылысы басталады. Сонымен қатар кешенді жоспар аясында Семейде коммерциялық құрылыс салушылар 20 көпқабатты тұрғын үйді тұрғызды. «Бірқабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасы бойынша 78 үй салынды. Жалпы екі жыл ішінде 400 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Белсенді құрылыс жұмыстары 2 200-ден астам отбасының тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік берді», - деді аймақ басшысы.
Былтыр Степной және Суықбұлақ кенттерінің тұрғындары орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілді.
Ұшақтар кентінде су құбыры желісі салынды.
«Қала жолдарының жағдайын жақсарту үшін біршама жұмыс атқарылды. Екі жыл ішінде жолдарды ағымдағы және орташа жөндеуге 7,2 млрд теңге жұмсалды. Нәтижесінде, 90 шақырым жолдар мен көшелер қанағаттанарлық жағдайға келтірілді. Өткен жылы Жангелдин көшесі бойымен «Омбы-Майқапшағай» трассасына дейінгі автожолды қайта жаңарту аяқталды. «Семей-Қайнар» жолының 108 шақырымы орташа жөндеуден өтті», - деді Даниал Ахметов.