Семейде есірткі жарнамалайтын граффити-сурет салған екі жасөспірім ұсталды
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «102» жедел арнасына қоңырау шалған « Заря» кооперативінде орналасқан көлікжай иесі белгісіз біреулердің синтетикалық есірткіні насихаттайтын граффити-сурет салып кеткенін айтқан.
«Олардың кім екенін анықтау үшін Әуезов полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Р.Кураков Бобровка саяжайын түгел аралап шықты. Сондағы мекемелердің қабырғаларында да әлгіндей граффити-суреттер көзге түскен. Тәртіп сақшысы есірткі жарнамалап жүргендердің іздерін байқады», - делінген хабарламада.
Жедел іздестіру шараларының барысында екі күдікті ұсталды. Олардың бірі кәмелеттік жасқа толмаған. Екеуі де өз кінәларын мойындап отыр.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 299-бабы 1 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.