Семейде халықаралық орамал күніне орай көрме ашылды

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семей қаласында 1 ақпан – халықаралық орамал күніне арналған «Мен сыйға тартқан орамал» көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Семейде халықаралық орамал күніне орай көрме ашылды

Ф.Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық музейінде ашылған көрме «Рухани қазына» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. Көпшілік назарына тақия, кимешек, сәукеле сынды 30-ға жуық қазақтың бас киімдері қойылды. Сондай-ақ көрмеде «Айша бибі» қазақ мәдени орталығының төрайымы Айман Боқпасарованың жеке қорындағы орамалдар да ұсынылған.


«Халықаралық орамал күні мерекесі қарсаңында жастарды қазақтың бас киімдерімен таныстырғымыз келді. Көрмеге түрлі орамалдар қойылған. Бұл іс-шара алғаш рет Нью-Йоркте 2004 жылы өткізіліпті. Енді биыл тұңғыш рет Семей қаласында ұйымдастырылды. Орамал – тазалық пен қарапайымдылықтың символы», - дейді музейдің экскурсия секторының меңгерушісі Салтанат Сексембаева.

Көрмеге жиылған жұрт бас киімдерді киіп көруге де мүмкіндік алды.