Семейде Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш өтті

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Семей қаласындағы Абай атындағы қазақ музыкалық-драма театрында Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығына арналған «Дәуірдің дара қаламгері» атты әдеби-сазды еске алу кеші өтті.

п
Фото: Абай облысының әкімдігі

Тағылымды шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.

п
Фото: Абай облысының әкімдігі

Кеш барысында сөз сөйлеген Абай облысының әкімі Берік Уәли көрнекті қаламгердің қазақ әдебиетіндегі орны мен ұлт руханиятына қосқан үлесін атап өтті.

п
Фото: Абай облысының әкімдігі

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» деп атап өткен болатын. Бұл сөздің маңызы бүгінгі басқосуда ерекше сезілді. Өмір жолы күреспен басталып, кейін ұлт тағдырымен біте қайнасқан сөз зергері шығармаларында тарихи әділеттілік мәселелерін, Атамекенге деген сағынышты, елдік пен еркіндік мұратын терең суреттеді. Қаламгердің «Қаздар қайтып барады», «Көкейкесті», «Бақыт жолында», «Дарабоз» секілді шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорынан берік орын алды, – деді өңір басшысы.

п
Фото: Абай облысының әкімдігі

Әкім жазушының шығармашылық мұрасының маңызына да тоқталды.

– Әсіресе қазақ көші мен ұлт тағдырын арқау еткен «Соңғы көш» дилогиясы жазушының шығармашылық биігін айқындаған құнды туынды ретінде бағаланды. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп Ұлы Абай айтқандай, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі бойына жиған дара дарын иесінің бай мұрасы, елдік мұратқа адал ғұмыры халқымызбен бірге жасай береді. Руханиятымыздың шамшырағына айналған Қабдеш Жұмаділовтің есімі ел жадында мәңгі сақталады, – деді Берік Уәли.

п
Фото: Абай облысының әкімдігі

Шара барысында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Ғалым Қалибек сөз сөйлеп, қаламгердің отбасы мүшелеріне және оқырмандарына ізгі тілегін жеткізді.

п
Фото: Абай облысының әкімдігі

Жазушының мерейтойына орай облыста бірқатар мәдени және ғылыми іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Үржар ауданында «Дәуіріміздің дарабоз жазушысы» атты ғылыми-практикалық конференция өтіп, Семейдегі Абай кітапханасында «Тағдыры ұлтпен үндескен дарабоз жазушы» атты еске алу кеші ұйымдастырылды.

п
Фото: Абай облысының әкімдігі

Кеш аясында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған театрландырылған қойылым сахналанып, Қазақстанның Халық әртістері Секен Тұрысбек пен Майра Ілиясова, дәстүрлі әншілер Еркін Шүкіман мен Дінисламбек Жайлаубай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Сәдуақасова және жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті.

п
Фото: Абай облысының әкімдігі

Қабдеш Жұмаділов ұзақ жылдар бойы «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жазушы» баспасында және Мемлекеттік баспалар комитетінде қызмет атқарып, қазақ әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосты.