Семейде қақаған аязда 50 бас ірі қарасы жоғалып кеткен адамға полицейлер көмекке келді

Семейде полиция қызметкерлері аязда 50 бас ірі қарасын жоғалтып алған адамға көмекке келіп, малын тауып берді, деп хабарлайды Kazinform.

ірі қара
Фото: Polisia.kz

Полицияға хабарласқан жергілікті тұрғын малының жоғалғанын айтып, көмек сұрады.

- Ер адам бір күн бұрын түскі уақытта Семей қаласынан 40 шақырым қашықтықтағы шаруа қожалығынан 50 бас малының жоғалып кеткенін жеткізген. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, полиция қызметкерлері іздестіруге кірісті. Атты полиция мен қарда жүретін техника жұмылдырылды. Сондай-ақ жақын аумақты айналып өту үшін әуеге дрон көтерілді, - деп хабарлады Абай облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан тәртіп сақшылары бір отбасының жалғыз табыс көзін іздестіру шараларын бір күн бойы жүргізді.

- Соның нәтижесінде ірі қаралар түгел табылды. Жоғалған жерден 18 шақырым жерде жүрген. Өз кезегінде мал иесі полиция қызметкерлеріне жедел әрекеттері үшін алғысын білдірді. Өйткені, іздеу жұмыстары кейінге қалса, мал қырылып қалар еді, - делінген ақпаратта.