Семейде қала күніне орай 20 отбасыға тұрғын үй кілті табысталды
Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов қала күнін мерекелеу қарсаңында мемлекеттік тұрғын үй қорында «Көпбалалы отбасы» санаты бойынша кезекте тұрған 20 отбасына жеке тұрғын үй кілтін табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл – сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үйлер.
«Бүгін 20 отбасы Ұшақтар кентіндегі Архат көшесіндегі үйлерден баспаналы болды. Маусым айында 37 отбасы өз қоныс тойын тойлаған болатын. Баспана иелерін осындай айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа үйлер берекелі болып, барша шаңыраққа қуаныш әкелсін!» - деді қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов.
Осы жылдың қыркүйек айының соңына дейін тағы 32 көпбалалы отбасы баспаналы болмақ.
Семей қаласы бойынша үй кезегіне 13 000-нан астам қала тұрғыны тіркелген.