Семейде карантиннің сақталуын тексеру мақсатында рейд жүріп жатыр

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында карантин шектеулерінің сақталуын тексеру мақсатында рейд жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семейде карантин режимінің сақталуын тексеру жалғасуда. Кәсіпкерлік бөлімі қызметкерлерінен және СЭС мамандарынан құрылған мобильді топ азық-түліктік емес сауда орындардың санитарлық нормаларға сәйкестігін тексерді. Карантин кезінде дүкендерде маскалық режим енгізіліп, ішінде міндетті түрде санитайзерлер болуы тиіс. Сондай-ақ сатушыларға күн сайын өздерінің дене қызуларын өлшеуге кеңес беріледі.

«Бүгін де кезекті рейд өтуде. Мобильді топтар дүкендерге барып, кәсіпкерлердің санитарлық нормаларды сақтау-сақтамауын сүзгіден өткізуде. Біз жұрттың карантиннен шаршағанын түсінеміз. Барлығы жаңа киім сатып алғысы келеді, бірақ шыдамдылық қажет. Дүкендерде көп адам жиналмауы тиіс. Бұл, ең алдымен, тұрғындардың денсаулығы үшін маңызды. Сондықтан да қала халқын карантиндік шараларды қатаң сақтауға шақырамыз», - дейді қалалық мәслихат депутаты Дариға Даирова.

Оның айтуынша, әзірге карантиндік нормаларды бұзғандарға айыппұл кесілмей, тек ескерту жасалуда. Жалпы, рейд барысында дүкендердің көпшілігі тиісті нормаларды сақтайтыны анықталған. Өрескел заңбұзушылықтар тіркелген жоқ.


Соңғы жаңалықтар