Семейде қазан айына дейін жылыту жүйесіндегі олқылықтар түзетілмек

Бүгінде облыста барлық жұмыс белгіленген кестеге сай жүргізілуде. Тұрғын үй-коммуналдық қызмет саласы нысандарының әзірлігі 88%-ы құрап отыр. Ал білім нысандары 100%-ға дайын. Облысқа қажетті көмір қоры – 3,9 млн тонна. Қазір оның 97%-ы бар.
«Семейдегі «Теплокоммунэнерго» кәсіпорнына қатысты екі үлкен мәселе тұр. Бірі кәсіпорынның жылу энергиясына шығындары, ал екіншісі көлемі 1,6 млрд теңге болатын абоненттердің берешегі. Мәселен, жылуға қарыз адамдардың арасында заңсыз жылу қолданған абоненттер де бар. Бір сөзбен айтқанда, жылу энергиясын ашық түрде ұрлаған. Бүгінде бұл мәселені Семей қаласының әкімі жіті бақылауына алды. Бұған қоса, Риддердегі жылу электр стансасының дайындығына қатысты күмән туындауда. Сондықтан, таяу күндері арнайы комиссия жылу орталығын тексереді», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Семей, Курчатов, Өскемен және Риддер қалаларында көпқабатты үйлерді жылыту маусымына дайындау бойынша қарқынды жұмыс жалғасуда. Семейдегі күрделі нысандардан басқаның бәрі 1 қыркүйекте толықтай дайын болады. Сондай-ақ қазан айына дейін Семейдегі жылыту жүйесіне қатысты олқылықтар түзетілмек.
«Барлық қала, аудан әкімдері белгіленген кестеге сәйкес жұмыс істеуі тиіс. Нақты мерзімдер мен шаралар жоспары бар. Қиындық туғызған мәселелер болса, жұмыс тәртібіне сәйкес шешіледі. Жалпы, жылыту маусымына арналған дайындық еш кедергісіз жүргізілуде», - деді аймақ басшысы.