Семейде кестеден ауытқыған тасымалдаушыларға айыппұл салынады
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Семей қаласында қоғамдық жолаушылар көлігінің жұмысы кесте бойынша қатаң жүргізіледі. Кестеден ауытқыған жағдайда айыппұл санкциялары қолданылатын болады. Мұндай тапсырманы қала басшысына ШҚО әкімі Даниал Ахметов бүгінгі жиналыста берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұрын облыс әкімі Семейге жасаған жұмыс сапары кезінде қоғамдық көліктің жұмысын сынға алған еді. Ол қала басшысына осы жағдайды қолға алуын тапсырған болатын.
Семей қаласының әкімі Ермақ Сәлімов хабарлағандай, үш маршруттың қызмет көрсетуі бойынша келісілген міндеттемелерді бұзғаны үшін тасымалдаушы сотқа берілген.
Өңір басшысы автобус қозғалыстарының кестесі бұзылған жағдайда, қолданылатын жаза әдістерін жасауды тапсырды.
«Әр маршрутты бақылауға алып, оның қозғалу кестесін көріп отыруымыз керек. Айыппұл санкциясы жүйесі керек», - деп түсіндірді Даниал Ахметов.
Ахметов Семейге жасайтын келесі жұмыс сапарында оның тапсырмасының қай деңгейде орындалып жатқандығын міндетті түрде тексеруге уәде етті.