Семейде қоғамдық көліктерде жолақы өспейді – облыс әкімі
АСТАНА. KAZINFORM – Семейде қоғамдық көліктерде жолақы өспейді. Бұл туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев мәлім етті.
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз қызметінде Семейдегі қоғамдық көлік мәселесі туралы сұрақ қойылды.
«Мәселені шешу үшін жолақы өсе ме?», - деп сұрады тілшілер.
«Семейде жолақы көтерілмейді. Себебі, біз бұрыннан субсидия төлеп жатырмыз. Бірақ басқа өңірлерге қарағанда, бұл бізге ауырлау. Қазір автобустардың 75-80 пайызы маршрутқа шығады. Егер маршрутқа 100 пайызы шықса, бюджеттен оларға 9 млрд теңге көлемінде субсидия төлейміз. Әрине, бұл бюджетімізге ауыр», - деді Нұрлан Ұранхаев.
Оның айтуынша, қазір субсидия төлеп жатқан қаражатқа компаниялар автобус сатып алып жатыр. Былтыр 70-ке жуық автобус, ал биыл 70 автобус сатып алынды.
«Жаңа автобустарды сатып алсақ, маршрутқа шығуды 100 пайызға жеткізу арқылы мәселені шешіміз», - деді өңір әкімі.