Семейде коммуналдық қызметке 132 млн теңге жұмсалатын мәдени кешеннің шығыны азаймақ

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласындағы «Арена» мәдени-спорттық кешенінің шығынын азайту үшін атын демеуші брендке беру көзделіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Семейдегі ең үлкен мәдени кешен 2019 жылы салынған. Онда спорт залдары, бассейн, стадиондар, концерт алаңдары бар. Әртүрлі мәдени, спорттық, танымдық шаралар өткізіліп, өнер иелерінің кештері, концерттері ұйымдастырылып келеді.

Алайда кешеннің коммуналдық қызметке жұмсайтын шығыны қомақты болып тұр. Нақты айтқанда, жылына бұл үшін 132 млн теңгеден астам қаржы жұмсалады.

«Осы ретте, Нейминг тәсілін қолдану жоспарлануда. Яғни, «Арена» мәдени-спорттық кешеніне демеуші брендтің атауын беріп, табыс табу. Осылайша, Семейдегі ауқымды нысанның атауы өзгеруі мүмкін. Ұтымды жағына тоқталар болсақ, бұл арқылы кешенді күтіп-ұстауға кететін шығындарды азайтуға болады. Ал үнемделген қаражат есебінен балалар спортын дамыту үшін тегін үйірмелер мен секциялар ашуға мүмкіндік туады», - делінген ақпаратта.

Ведомство дерегінше, Нейминг тәжірибесі - әлемде кең тараған үрдіс. Стадионның атауын бірнеше жылға жалға беру арқылы түскен қаражат кешендер мен спорттық командаларға жұмсалатын шығындарды азайтуға септігін тигізеді.

Еске салсақ, осыдан екі жыл бұрын аталған кешенге Нұрсұлтан Назарбаев есімін беру ұсынылған еді.


Соңғы жаңалықтар
telegram