Семейде көпқабатты үйден өрт шығып, 15 адам эвакуацияланды

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында өрт шыққан бесқабатты тұрғын үйден 15 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семейде көпқабатты үйден өрт шығып, 15 адам эвакуацияланды

ШҚО Төтенше жағдайлар департаметі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өрт бүгін сағат 03:00-дер шамасында шыққан. Оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндірушілер подъездердің біріндегі ағаш есікті жалын шарпығанын көрді.

«Түтін тұмшалаған подъезден 15 адам, оның ішінде 3 бала қауіпсіз жерге көшірілді. Өздігінен пәтерден шыға алмай қалған 1969 жылғы әйелді құтқарушылар көтеріп шығарды. Тілсіз жаудың жалпы аумағы 4 шаршы метрді құраған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Айта кетейік, алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығу себебі – қасақана өртеуден болуы мүмкін.