Семейде көшеде мылтықпен жүріп, жұрттың үрейін ұшырған жігіт ұсталды
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында көшеде мылтықпен жүріп, тұрғындардың үрейін ұшырған ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Семейдегі Затон полиция бөліміне хабарласқан азамат «Радуга» сауда үйінің маңында жас жігіттің қолына мылтық ұстап жүргенін айтты.
Полиция қызметкерлері шұғыл түрде оқиға орнына келіп жетті. Көп ұзамай олар оптикалық көздеуіші бар мылтыққа ұқсас затты ұстап жүрген ер адамды көрді. 17 жастағы семейлік бөлімшеге жеткізілді.
«Тергеу барысында анықталғандай, азамат екі күн бұрын атап өткен туған күніне орай ата-анасы берген ақшаға ойыншық қару сатып алған. Затон полиция бөлімі ювеналдық полиция тобының қызметкерлері заңды өкілдерінің қатысуымен кәмелетке толмаған баламен профилактикалық әңгіме жүргізді. Ойыншық мылтық туған күн иесіне қайтарылды», - делінген ақпаратта.