Семейде құтқарушылар мұз ойығына түсіп кеткен баланың денесін тапты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үш күн бұрын Семейде мұз ойығына түсіп кеткен ұл баланың мәйітін құтқарушылар бүгін тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ШҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтемемен.
«Семейде іздеу жұмыстары аяқталды. 10 жасар ұлдың мәйіті табылды. Ол үш күн бұрын Ертістің сағасындағы мұз жарығына түсіп кеткен. Бүгін 14.42-де денені ШӨАЖҚЖ мұз астынан алып шықты», - делінген хабарламада.
Мұз астына түсіп кеткен баланы құтқарушылар мен еріктілер бірнеше күн іздеді. Дене бала мұз астына кеткен жерден 1 км төмен ағып кеткен.
Қайғылы оқиға 5 наурыз күні болған. 2 бала ата-анасының қарауынсыз мұзда ойнап жүрген. Ойынға беріліп кеткен біреуі мұз қабаты жұқа жерге қалай барып қалғанын байқамай қалған. Осыдан соң ол мұз астына кеткен.