Семейде мектеп оқушысы сыныптасын пышақтады
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Семей қаласында екі оқушы арасында кикілжің шығып, бірі екіншісіне пышақ сұққан.
Абай облысы полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, 10 қыркүйек күні полицияға дене жарақаттарымен екі адамның ауруханаға жатқызылғаны туралы хабарлама түскен.
— Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Соның барысында болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тергеу қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандарды профилактикалық есепке қою, олардың заңды өкілдерін балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту мәселесі де қаралады, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Ведомство дерегінше, түпкілікті процестік шешім тергеу нәтижелерінен кейін қабылданады.
Бейресми мәліметтерге сүйенсек, бір сыныпта оқитын екі оқушының арасында кикілжің шыққан. Сол кезде бірі екіншісіне пышақ жарақатын келтірген.
Еске салайық, осыған дейін Түркістанда әйелін пышақтап өлтірді деген күдікпен ер адам қамауға алынғанын хабарлағанбыз.