Семейде мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында жаңа балабақша ашылды
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семей қаласында мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында 280 балаға арналған «Өрлеу» балабақшасы салынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.
Балабақшада мемлекеттік тілде оқытатын 12 топ болмақ. Онда 2-6 жас аралығындағы бөбектер музыка, спорт залдарына барып, ағылшын және орыс тілдерін оқиды, спорттық үйірмелерге қатысады.
Педагогтар этнопедагогика, экология, тіл дамыту, жазу және математика бойынша қосымша бағдарламалар әзірлеген. Топтарға заманауи жиһаз, дамытатын ойындар, интерактивті ойыншықтар және көркем әдебиет қойылған. Мұнда мұқтаж балалардың да білім алып, тәрбиеленуіне жағдай жасалған.
Мектепалды білім мекемесіне барған облыс әкімі Даниал Ахметов оны Нью-Йорк қаласының балабақшасымен салыстырды.
«Мен Нью-Йорк қаласында болдым, онда балабақшаға барған бала үшін ай сайын 1100 доллар төленеді, бірақ бөбектердің ойнайтын, ұйықтайтын бөлмесі кішкентай. Біздегі бөлмелер кең, оқу, ойнау үшін барлық жағдай жасалған. Семей бизнесмендері барлық кәсіпкерлерге үлгі болып отыр. Олар өз қаражатына екі балабақша салып үлгерді, алда күтіп тұрған жұмыс көп», - деп атап өтті облыс әкімі.