Семейде мүгедектігі бар және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 30 азамат баспаналы болды

Бүгін Республика күні қарсаңында Қарағайлы шағын ауданында пәтер кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтарға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азаматтарға 30 отбасыға пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Рәсімге қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов қатысты.

Тұрғын үй
Фото: Семей қаласы әкімдігі

– 2022 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке болып бекітілді. Айтулы мереке қарсаңында Семейдеерекше қажеттіліктері бар азаматтар және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар жаңа пәтерлердің иегерлері атанып отыр. Шаңырақтарыңыз берекеге толы болсын!, - деді ол.

Тұрғын үй
Фото: Семей қаласы әкімдігі

Соңғы жылдары Семей қаласында құрылыс қарқыны артып, көп тұрғын үй бой көтерді. Президенттің қолдауымен 2023 жылы 211 отбасы жаңа баспана алды. Ал 2024 жылдың басынан бері пәтер кезегінде тұрған 334 азамат баспанамен қамтылды.

Тұрғын үй
Фото: Семей қаласы әкімдігі

Ата-ана қамқорлығынсыз қалған О. Мирошченко 2011 жылдан бері пәтер кезегінде тұрғанын айтып, зор ықыласын жеткізді. Бүгін ол 57 шаршы метрлік 2 бөлмелі пәтердің иесі атанды.