Семейде Наурыз мейрамы қалай атап өтуде

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей халқы Наурыз мейрамын тойлап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семейде Наурыз мейрамы қалай атап өтуде

Бүгін қаладағы орталық алаң адамға лық толы. Жиналған қауымға мерекелік концерт қойылуда. Сондай-ақ киіз үйлер тігіліп, тұрғындарға Наурыз көже мен бауырсақ берілуде. Алаңдарда спорттық сайыстар да өтіп, сәндік-қолданбалы өнер жәрмеңкесі ұйымдастырылған.

Қала тұрғындарын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов келіп құттықтады.

«Наурыз – бұл тек жаңа жылдың символы ғана емес, сонымен бірге молшылық мерекесі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Семей аймағында Абай облысы құрылатын болды. Бұл Қазақстанның рухани орталығына экономикалық тұрғыда ғана емес, басқа да салаларда қарқынды дамуына жол ашады. Біздің жалғыз ғана Отанымыз бар – ол Қазақстан. Бейбітшілік пен келісім – басты құндылықтарымыз. Әрбір отбасына бақыт пен сәттілік тілеймін. Наурыз мерекесі құтты болсын!», - деді ол.

Аймақ басшысы семейліктерді мемлекеттік наградалармен марапаттады. Атап айтқанда, ҚР Президентінің Жарлығы бойынша облыстық №1 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерві спорт мектебінің директоры Мерейғалы Көшкінов «Парасат» орденінің иегері атанды.

«Құрмет» орденімен қалалық мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжалов және Тарбағатай ауданы Имашев атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Бақытөмір Шолғұмбаев марапатталды. «Шапағат» медалі Р.Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжінің студенті Мерейбек Мағабіловке және Зайсан ауданының Еңбек ері Раиса Шотаеваға берілді.

Айта кетейік, Ұлыстың ұлы күніне арналған шаралар кешке дейін жалғасады. Сағат 21:00-де жұртшылық мерекелік отшашуды тамашалайды.