Семейде оқушылар сарайы бой көтермек

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Семей қаласында оқушылар сарайының құрылыс алаңына уақыт капсуласы салынды.

Семей
Фото: Семей қаласының әкімдігі

Қала әкімдігінің мәліметінше, Әуезов көшесі, 1 мекенжайында орналасатын орталық жоба бойынша 6 функционалдық аймаққа бөлінген. Нысан «Балаларға арналған 50 сауықтыру лагерін ашу, балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін кемінде 100 жаңа ірі объектілер салу жөніндегі» республикалық жол картасының 85-тармағына сәйкес салынуда.

Семей
Фото: Семей қаласының әкімдігі

«Көпфункционалды орталық заманауи құрал-жабдықтармен толықтырылып, мектеп оқушыларының қосымша білім алуға деген сұранысын қамтамасыз ете алады. Семейде Балалар мен жастардың шығармашылық сарайы бұрыннан бар. Бірақ ол біріншіден қаланың оң жағалауында орналасқан, екіншіден, қазіргі заманғы материалдық-техникалық базасы жоқ. Жаңа орталықта робототехника кабинеттері, спорт секциялары орналасады», - дейді қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов.

Семей
Фото: Семей қаласының әкімдігі

Оның айтуынша, құрылыс жұмыстарын келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр. Орталықта ұсынылатын бағыттар:

- Ғылыми-техникалық (нейроробототехника, астрономия, бағдарламалау кабинеттері);

- Әр түрлі шығармашылық студиялары бар көркемдік және эстетикалық бағыт;

- Спорттық-сауықтыру (үлкен және кіші бассейндер, жекпе-жек залдары, фитнес-залдары).