Семейде өрт сөндірушілер екі газ баллонының жарылу қаупінің алдын алды
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Бүгін түнгі сағат бірлерде Әуезов даңғылының бойында екі қабатты тұрғын үйдің ауласындағы гараждан өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ШҚО Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Ғимараттың төбесіндегі ағаш құрылымдар жана бастаған. Өрт сөндірушілер бірнеше минуттың ішінде келген. Оқиға орнында оларды гараждың иесі күтіп тұрған. Ол өрт сөндірушілерге көгілдір отыны бар баллон туралы хабарлаған.
Олар отқа оранған ғимараттың ішіне кіріп, 27 литрлік 2 баллонды алып шығады. Сондай-ақ өртті сөндіріп әрі көрші тұрған гараждарды қорғаумен айналысқан. Тілсіз жау бір сағаттың ішінде толықтай ауыздықталды. Ешкім зардап шеккен жоқ.
Жалын 30 шаршы метр аумақты шарпыды. Оның неден шыққан анықталып жатыр. Тілсіз жаумен күреске 8 өрт сөндіруші мен 2 техника жұмылдырылды.