Семейде өрт сөндірушілер газ баллонының жарылуының алдын алды
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейлік өрт сөндірушілер жалынды сөндіру кезінде газ баллонының жарылуына жол бермеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
«Бүгін түнгі үште «Бобровка» саяжай алабында өрт тұтанды. Оны көршілері байқап қалып, өрт сөндіру қызметіне хабарлаған. Ол кезде үйдің иелері үйде болмаған. Үйдің шатыры өртенген. Өрт сөндірушілер шұғыл жетіп, жалын құшағынан газ баллонын алып шықты. Бір жарым сағаттың ішінде өрт толығымен сөндірілді», - делінген хабарламада.
Жалын 60 шаршы метр ауданды шарпыған. Алдын ала болжамдарға қарағанда, өрттің тұтануына электр қондырғыларын орнатудағы өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы себеп болуы мүмкін.
Кінәлі тұлға және келтірілген залал көлемі анықталып жатыр.
Өртті сөндіруге 10 адам және 3 техника жұмылдырылды.