Семейде өртенген үйде қалып қойған ер адам құтқарылды
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында құтқарушылар отқа оранған үйден ер адамды алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 7 ақпан кешкі сағат 21.00 кезінде Восточный кентіндегі жер үйде өрт шыққаны жайлы хабар түскен.
Оқиға орнына өрт сөндірушілер келгенде тілсіз жау қонақ бөлмедегі кілем мен линолеумды шарпып жатты.
«Үй ішінде қалып қойған 1974 жылғы азамат эвакуацияланды. Құтқарушылар оны бірден жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды» деп хабарлады ведомство өкілдері.
Бірнеше минуттан кейін 1 шаршы метрге жайылған қызыл жалын ауыздықталды.
Алдын ала мәлімет бойынша, үйге біреу қасақана өрт қоюы мүмкін.