Семейде полиция қолына «Леха-Маймыш» лақап есімді «заңдағы ұры» түсті
Бұл туралы бүгін елордада ҚР ІІМ-нің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
53 жастағы «Леха-Маймыш» Семей қаласында атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін ұсталып отыр. Одан оқ дәрісі бар «Макаров» тапаншасы алынды.
Сонымен қатар осы аптада Алматы қаласында есірткінің заңсыз айналымы үшін қылмыстық ортаның 50 жастағы «серкесі» және Петропавл қаласында ұйымдасқан қылмыстық топтың 32 жастағы жетекшісі және 27 жастағы қатысушысы қамауға алынды.
Жалпы өткен аптада ұйымдасқан қылмыстың жолын кесуге бағытталған жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралары кезінде 16 қылмыстық іс қозғалып, 1 «заңдағы ұры», қылмыстық ортаның 1 «серкесі», ұйымдасқан қылмыстық топтың 1 жетекшісі және 2 қатысушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Заңсыз айналымнан граната, карабин, 3 тегіс ұңғылы қару, 3 тапанша алынды.
Ұсталған адамдардың барлығы қамауға алынды.