Семейде радиологиялық орталық құрылысының мердігерлеріне үкім шығарылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Семей қаласының №2 қалалық соты радиологиялық орталық құрылысы кезіндегі ақша жымқыру бойынша қылмыстық істі қарауды аяқтады және істің үш фигурантына үкім шығарды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Семейде радиологиялық орталық құрылысының мердігерлеріне үкім шығарылды

Іс материалдарына сәйкес, ақшаны мердігер фирма директоры мен оның орынбасары облыстық құрылыс басқармасындағы шенеунік көмегімен жымқырған. Алаяқтық бір тәсіл бойынша жүргізілген. ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшылығы іске қосу мен жөндеу жұмыстарының жүргізілгені және жабдықтардың пайдалануға берілгені туралы жалған актілерге қол қойған.

Сондай-ақ, қылмыстық іс фигуранттары 600 миллион теңгеден астам салық төлемегені үшін де айыпталды.

ШҚО құрылыс басқармасындағы шенеунікке жалпы режім колониясына жеті жылға бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалды. Мердігер ұйым басшысына 5,5 миллион теңге айыппұл салынып, 8,5 жылға қамалды және 10 жыл коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды. Оның орынбасарына 8 жыл үкім кесілді.

№2 соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, үкім әлі заңдық күшіне енген жоқ.