Семейде ресейлік азаматты тонап кеткен күдіктілер ұсталды
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында Ресей азаматын тонап кеткен екі күдікті ұсталды. Бұл туралы қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасары Ілияс Ибраев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ресей Федерациясының азаматы 102 жедел арнасына қоңырау шалып, мүлкінің ұрланып кеткені туралы шағым түсірген. Шығынның жалпы сомасы – 420 мың теңге. Жедел ұйымдастырылған шаралардың нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктілерді ұстады. Олардың екеуі де бұрын сотталған Семей қаласының тұрғындары екені анықталды. Қылмыс жасалған күні күдіктілер ішімдік ішіп, жәбірленушіні ашық тонап кеткені белгілі болды. Күдіктілерге қатысты бұлтартпау шаралары қолданылып, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп мәлім етті Ілияс Ибраев.
Қоса кетсек, бұған дейін Ақтөбе облысы Қарғалы ауданында қоқыс полигонынан пакетке салынған шақалақтың денесі табылғанын хабарлап едік. Полиция мәліметіне сәйкес, аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 100-бабы, яғни «Анасы жаңа туған нәрестені өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, баланың анасы іздестіріліп жатыр.