Семейде сәуір айынан бастап жол ақысы қымбаттауы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сәуір айынан бастап Семейде жолақысы қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы қалалық прокуратурада өткен басқосуда белгілі болды, деп хабарлайды 24.kz.

Семейде сәуір айынан бастап жол ақысы қымбаттауы мүмкін

Жиын жұртты әбігерге салып, тоқтап қалған қоғамдық көлік қозғалысына байланысты өткен еді. Жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындар 60 теңгелік жолақының тым төмен және жол сапасының нашар екенін айтып, бұған дейін де бірнеше рет әкімдікке шағымданған болатын. Алайда әкімдік бұл уәжге негіз жоқ екенін және жолаушы тасымалына кететін нақты шығындарды есептеу керектігін айтқан. Енді бұл мәселе келесі аптада қалалық мәслихат сессиясында қаралып, түпкілікті шешілетін болды.

«Бүгінгі басқосудың нәтижесінде жолақысын көтеру керек деген тоқтамға келдік. Бұл мәселе осы айдың соңында шешілмек. Бұдан бөлек, автобус бағыттарын өз бетімен тоқтату бойынша да прокурорлық ықпал ету шаралары қолданылды. Яғни жолаушылар тасымалдайтын кәсіпорын басшыларына мұндай әрекеттің заңсыз екендігі жөнінде қатаң ескерту жасалды»,-дейді Семей қаласының прокуроры Марат Тұрабаев.