Семейде «Шәкәрім Құдайбердіұлы - шежіретанудың негізін қалаушы» конференциясы өтеді

АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - Ертең, мамырдың 18-і күні Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде «Шәкәрім Құдайбердіұлы - шежіретанудың негізін қалаушы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді.

Семейде «Шәкәрім Құдайбердіұлы - шежіретанудың негізін қалаушы» конференциясы өтеді

Конференцияда Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығы, сондай-ақ қазақ шежіресінің қалыптасу мәселесі зерделенеді. Ғылыми мәжілістің негізгі бағыттары: «Шежіре - қазақ халқы тарихының  дереккөзі», «Шәкәрім Құдайбердіұлының шежіресі және қазақ халқының тарихы», «Шежіре тарихының бүгіні мен ертеңі», «Шежіре және әдеби шығармалар». Конференция аясында Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірбаяны, шығармашылығы және шежірені қалыптастырудағы дерек көздеріне байланысты тақырыптық тарихи-әдеби кітаптар көрмесі ұйымдастырылады.

Мәжілістің пленарлық отырысына тарих ғылымдарының докторы, профессор,  Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Т.О.Омарбеков, тарих ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы  Қазақ Ұлттық университетінің доценті Е.М.Тұрғынбаев, тарих ғылымдарының кандидаты, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының доценті А.И. Исин, тарих ғылымдарының докторы, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының немересі Л.Қ. Жүсіпова, шежіреші-өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Абай ауданының құрметті азаматы» М.Ж. Жанболатов қатысады.