Семейде шала туған нәрестелерге арнайы күтім жасайтын бөлімше ашылды

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында шала туған нәрестелерге арнайы күтім жасайтын бөлімше ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семейде шала туған нәрестелерге арнайы күтім жасайтын бөлімше ашылды

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Семейдегі перинаталдық орталық базасында 3 жасқа дейінгі сәбилерге арналған бөлімше ашылды. Мұнда жыл сайын 600-ге жуық бала жоғары білікті медициналық көмек алады. Бөлімде 50 төсек-орын бар.

«Катамнез бөлімшесінде салмағы 2000 грамға дейінгі, бронх-өкпе дисплазиясымен, емдік гипотермиядан кейінгі, асфиксиямен ауырған, туа біткен жарақаты немесе ақаулары бар нәрестелерге күтім жасалады. Дәрігерлер шала туған сәбилерді қарап қана қоймай, ата-аналарға балаларына одан әрі күтім жасай алу үшін оңалту шараларын үйретеді», - делінген ақпаратта.

Перинаталдық орталықтағы жаңа бөлімше бала денсаулығын бақылауды қамтамасыз етіп, мүгедектікті азайтуға сеп болмақ.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2021 жылдың өзінде Семейде 604 нәресте шала туған.