Семейде шомылу маусымы басталғалы 8 адам суға кетті

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семей құтқарушылары судағы адам өлімінің артуына алаңдаулы. Бұл жайында бүгін ТЖБ дағдарыс орталығында өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Семейде шомылу маусымы басталғалы 8 адам суға кетті

Брифингті ұйымдастырудың басты себебі - шомылу маусымында су айдындарындағы қайғылы оқиғалардың күрт артуы.

Соңғы жағдай 7 шілдеде Мирный кентінде болды. 1998 жылы туған жас жігіт шомылуға барып, суға батып кетті.

Суға шомылу кезеңі басталғаннан бері Семей қаласында 8 адам қаза тапты, оның 2-еуі табылмады, іздеу жұмысы жалғасып жатыр.

Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы осыған ұқсас жазатайым оқиғалардың негізгі себептерін атап өтіп, судағы қауіпсіздік қағидаларын мүлтіксіз сақтау қажеттігін айтты.

Брифингте Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен «Шығыс» ӨңҚ әскери бөлімінің взвод командирлері – Асан Ташон, Қадырқұлов Фарух және Затон полиция бөлімінің қызметкері Қанаш Құрманбаев алғыс хатпен марапатталды.

Олар ағыс алып кетуге аз қалған екі қызды құтқарып, өздерінің ерлігі мен қайсарлығын көрсетті.