Семейдегі стратегиялық маңызы бар көпірді реконструкциялау: 9 тіректің 8-і салынып болды

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Анар Ғабдуллина Семей қаласындағы автогуж көпірін реконструкциялау жұмыстарының барысын тексерді.

Семейде стратегиялық маңызы бар көпірдің 8 тірегі аяқталды
Фото: Көлік министрлігі

Сапар барысында жобаны іске асыру қарқыны, құрылыс жұмыстарының сапасы және құрылыс кестесінің сақталуы қарастырылды.

— Көпірді реконструкциялау 2022–2026 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Нысанның жалпы ұзындығы 1 350 метр, оның ішінде 540 метрі — автожол өткелдері, 810 метрі — көпірдің аралық құрылымы. Көпірдің ені 23 метр. Жоба бойынша 9 тірек тұрғызу көзделген.

Бүгінгі күні 9 тіректің 8-і тұрғызылды. Нысанға жалпы көлемі 9 мың тонна металл конструкциялар жеткізілді, олардың 4,7 мың тоннасы орнатылды, — делінген хабарламада.

Анар Ғабдуллина жобаны белгіленген мерзімде аяқтаудың маңыздылығын атап өтіп, құрылыс сапасы мен жұмыс кестесінің сақталуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Жоба Абай облысының тұрғындары үшін маңызды инфрақұрылымдық нысан. Реконструкция аяқталғаннан кейін көпір Семей қаласының жағалаулары арасындағы көлік қатынасын анағұрлым ыңғайлы әрі қауіпсіз етіп, өткізу қабілетін арттырады және қалалық инфрақұрылымның дамуына қосымша мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасып жатыр.

Айта кетелік Семей қаласының тұрғындары орталықтағы көпір құрылысының тым созбалаңға салынып кеткеніне бұрыннан бері шағымданып келетіні туралы жазған едік.