16:54, 01 Сәуір 2018 | GMT +5
Семейде су тасқынынан зардап шеккендер көмір және отынмен қамтамасыз етілуде
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде су тасқынынан зардап шеккендер көмір және отынмен қамтамасыз етіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жексенбі күні таңертең табиғи апаттан зардап шеккен үйлерге көмір жеткізу басталды.
Семейге жұмыс сапарымен барған ШҚО әкімі Даниал Ахметов үйін су басқан тұрғындардың қауіпсіздігі мәселесін шұғыл түрде шешуге тапсырма берді. Атап айтқанда, өңір басшысы зардап шеккендер тұрған әрбір ғимаратта түйткілді дер кезінде шеше алатын мамандар кезекші етуін тапсырды. Сондай-ақ әкім адамдар жаурамауы үшін әкімдік олардың үйлерін көмір және отынмен қамтамасыз етуге міндетті екенін айтты.
Семейде бес күннен бері су тасқынының салдарымен күрес жүріп жатыр. Қалада төтенше жағдай жарияланған. Дәл қазір 50 үй су астында қалып отыр.