Семейде тарихи-мәдени мұраларды сақтау жөніндегі жұмыс тобы құрылады

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейде келесі жылы облыстық тарихи-өлкетану музейінің шатыры жөнделеді. Бұдан бөлек, симфониялық оркестрді қайта жаңғырту жоспарлануда. Бұл туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың Семейдегі мәдениет нысандарын аралауы барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Нұрлан Ұранхаев ең әуелі Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасына барды. Аймақ басшысы кітапханамен танысып, оның базасында жұмыс істейтін «Отбасы орталығы» қоғамдық қорына да табан тіреді.

«Біз азаматтарға психологиялық қызметтер көрсетеміз. Мұқтаж жандарға киім-кешекпен көмектесеміз. Айына шамамен 40-50 отбасын азық-түлік жиынтығымен қамтамасыз етеміз», - деді қор басшысы Жанна Жибраева.

XIX ғасырдың екінші жартысында құрылған кітапхананың тарихы бай. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, кітапхананың алғашқы оқырмандарының бірі – қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы болған. 1992 жылы ҚР Үкіметінің шешімімен кітапханаға Абай есімі берілді.

Содан соң облыс әкімі Қазақстандағы ең көне және ірі музейлердің бірі – Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану мұражайына барды. Мұнда өңір басшысына ғимарат шатырымен байланысты мәселе бар екені айтылды.

«Төбеден су ағып жатыр. Біз тиісті мекемеге өтініш бердік. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ мұражай ғимараты соншалықты үлкен емес. Барлық қолда бар экспонаттарды орналастыра алмаймыз. Мұражай аумағында тағы бір құрылыс жасаса жақсы болар еді», - деді музей директоры Қайрат Сабырбай.

Нұрлан Ұранхаев бұл мәселелерді бақылауға алатынын атап өтіп, келесі жылы мұражайдың шатырын жөндеуге қаражат бөлінетінін айтты.

Одан кейін әкім Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония жұмысымен танысты. Филармония 1945 жылдың қазан айында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы жанындағы Семей концерттік-эстрадалық бюро ретінде ашылған. 1969 жылы 29 шілдеде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен филармонияға әнші Әміре Қашаубаевтың есімі берілді. Қазіргі уақытта осында 180-ге жуық маман жұмыс істейді.

Кездесу соңында Абай облысының әкімі мәдени жаңғырудың қажеттілігін атап өтті.

«Ең бастысы, бізде жұмыс істей алатын адами капитал бар. Семей әрқашан мәдени орталық болған және қазір де солай болып қала беруде. Сондықтан мәдениетті жаңғырту мәселесімен айналысу керек. Қазір қалада тарихи-мәдени мұраларды сақтау бойынша жұмыс тобы құрылуда. Бұл облыс әкімі жанындағы кейбір мәселелерді пысықтайтын топ болады», - деп түйіндеді Нұрлан Ұранхаев.


Фото: semeynews.kz



Соңғы жаңалықтар
telegram