Семейде тұрғын үй аулаларын су басты
АСТАНА. KAZINFORM — 31 қаңтарда Семей қаласының 2-ші Ақкөл, 15А және Кожкомбинат, 28 мекенжайларында арық жүйесі бұзылып, аула аумақтары суға толды.

Қала әкімінің тапсырмасымен шұғыл түрде тексеру жұмыстары ұйымдастырылды. Тексеруге қаланың қоғам өкілдері, мәслихат депутаттары, ТЖБ басшылығы және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары қатысты. Тексерудің мақсаты — «Максима» ЖШС мердігер ұйымының арналық жүйелерді қысқы уақытта күтіп-ұстау жұмыстарын бағалау және оқиғаның себебін анықтау.
— Тексеру нәтижесі бойынша өз міндеттемелерін өрескел бұзғаны үшін мердігер ұйым «Максима» ЖШС-мен жасалған шартты бұзу туралы шешім қабылданды. Компания қысқы кезеңде жұмыс істеуге дайын болмай, соның салдарынан аула аумақтарын су басты. Қазір тұрғын үйлер мен аула аумақтарының су астында қалу қауіпі жоқ. Жағдай қала әкімідігі мен Семей қалалық ТЖБ бақылауында. Семей қаласы бойынша арықтарды тазалау жұмыстары жүргізілуде, — делінген хабарламада.
Осыған дейін шырша безендіремін деп жарақат алған семейлік мұғалімге қанша әлеуметтік көмек берілгені айтылды.