Семейде тұрғындар екі күннен бері жарықсыз отыр
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Семейдегі Бобровка саяжайында тұрғындар екі күннен бері жарықсыз отыр. Салдарынан үйлерде ыстық су тоқтап, ата-аналар балаларын мектепке жіберуде қиындыққа тап болған. Ашуға булыққан жұртшылық осылай деп шағымданып жатыр.
— Екінші күн болды барлық мекемелерге хабарласып жатырмыз. Тоңазытқыштан су ағып жатыр, дала болса суық. Балаларды қалай мектепке жібереміз, үй тапсырмасын қалай орындайды? Барлығының жауабы бір — «өтінім қабылданды», «жұмыс жүргізіліп жатыр». Қашанға дейін жұртты мазақ қылады?» — дейді жергілікті тұрғын Дарина.

Әкімдіктің мәліметінше, саяжайдағы электр желілері зақымданған. Жарық жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін беріледі.
Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, бұл іс-шаралар келесі құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады:
• Қазақстан Республикасының «Электр энергетикасы туралы» Заңы;
• Тұтынушылардың электр қондырғыларын пайдалану қағидалары;
• Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және энергетика саласындағы нормативтік-құқықтық актілер.
Айта кетейік, біз осыған дейін Семейде үш күнде бір айлық нормадан астам жауын жауғанын айтқан болатынбыз.