Семейде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауға арналған дағдарыс орталығы ашылады
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауға арналған дағдарыс орталығы ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, биыл Семейде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауға арналған 25 орындық дағдарыс орталығын ашу жоспарланып отыр. Бүгін шаһар басшысы Нұрбол Нұрсағатов жөндеу жұмыстарымен танысты.
«Қазір 35 квартал шағын ауданында орналасқан бұрынғы тері-венерологиялық диспансер ғимаратын жөндеуден өткізіп, осы орталыққа беру процесі жүріп жатыр. Ғимаратты сапалы жөндеуге назар аударған жөн. Нысанның тек ішін ғана емес, сыртқы абаттандыруына да назар аудару керек. Сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігін қадағалап, ғимарат сыртын арнаулы белгімен қоршау қажет», - деді Нұрбол Нұрсағатов.
Дағдарыс орталығында зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің қолданыстағы стандарттарына сәйкес тиісті қызметтер көрсету жоспарланған.

«Орталықта отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдер мен олардың балалары уақытша орналастырылады. Елдегі қазіргі жағдай мұндай орталықтың ауадай керектігін көрсетіп отыр. Орталықты ашудағы мақсат – түрлі қиындыққа тап болған отбасына жан-жақты қолдау көрсету. Оның ішінде құқықтық және психологиялық қолдау да бар. Түрлі кедергіге ұшыраған отбасы қолдауды қажет ететіні сөзсіз», – деді қалалық жұмыспен қамту және АХАТ бөлімінің басшысы Серік Жұмаділов.