Семейде тұтқын әйел камерада асылып қалған

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Тұтқынға алынған әйел камерада өзіне қол жұмсады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Altaynews-ке сілтеме жасап.

Семейде тұтқын әйел камерада асылып қалған

Оқиғаның мән-жайы Семей қалалық № 2 сотының материалдарында баяндалады.

Өткен жылдың 11 қазанында полиция қызметкері әкімшілік тәртіпті бұзғаны үшін тұтқындалған азаматтарды қабылдау мекемесіне кезекшілікке тұрады. Камералардың бірінде бірнеше күн бұрын қамауға алынған семейлік тұтқын әйел болған. Сол әйелмен бір камерада отырған тағы бір әйел жанындағы серігінің оғаш қылықтарын айтып, кезекші полицейге шағымданған. Алайда ол оған мән бермейді. Камерада болып жатқан жағдайға, тіпті, назар аудармаған екен. Нәтижесінде тұтқын әйел камерада асылып өлген.

Оның камераласының сотта берген жауабына сүйенсек, ол тәртіп сақшысына әлгі тұтқынның жат қылықтары туралы бірнеше рет ескерткен. Біраз уақыттан кейін камерада жалғыз қалған әйелдің өлі денесі табылды.

Бейнебақылау камерасы жазып алған көріністе тұтқындардың дұрыс қадағаланбағаны байқалады. Видеода әйел киімінің қалтасынан жіп алып шығып, торлы есікке байлап, өз-өзіне қол салғаны жазылып қалған. Ал оның денесін полицейлер тек екі сағаттан кейін тауып алды.

Сотта кезекші болған полиция қызметкері  кінәсін толық мойындады. Оған шартты түрде алты ай бас бостандығынан және үш жылға мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыру жазасы тағайындалды.