Семейде үйдің құлағаны туралы жалған видео таратушы сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Семей қаласының №2 сотында көпқабатты үйдің құлағаны туралы жалған видео таратқан 33 жастағы айыпталушыға қатысты сот процесі аяқталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Семей қаласы № 2 сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Семейде үйдің құлағаны туралы жалған видео таратушы сотталды

Айыпталушы екінші топтың мүгедегі болған. Сот материалдарына сәйкес, 2017 жылдың 24 мамырында Уатсап мессенджеріндегі «Semey Fishing Clab» тобына көп қабатты үйдің құлағаны көрсетілген атаусыз бейне жазба келіп түскен. Айыпталушы аталған бейнежазбаны басқа мемлекетте болғанын біле тұра, Youtube видеохостингінде бейнежазбаны «ЖЕДЕЛ ТЖ. ЭКСКЛЮЗИВ. Қазақстан. Семей Қаласы 14.23 бүгін күндіз 2017 жылы 24 мамыр. Кіреберіс құлауы» тақырыбымен салып жіберген. Үрейлі видеоны ғаламторда 400 мыңнан астам көріп үлгеріпті. Тіпті әлеуметтік желі қолданушылардың кейбірі құқық қорғау органдарына қоңырау шалып шағымданған.

«Семей қаласының прокуроры ҚР Қылмыстық кодексінің 612, 615, 616-баптарын басшылыққа ала отырып қылмыстық іс бойынша сотталушы және сотталушының қорғаушысымен кінәні мойындау тұрғысында процессуалды келісім жасады. Сот үкімі бойынша сотталушы көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылып, оның 2 жыл 6 айға бас бостандығы шектелді», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.