Семейде xалықаралық дәстүрлі әншілер байқауы өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Семей қаласында 10 қазан күні Тұрсынғазы Рахимов атындағы «Сәби болғым келеді» атты xалықаралық дәстүрлі әншілер байқауы өтеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Бұл туралы Фейсбук парақшасында семейлік ақын Мерей Қартов хабарлады.
«Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының ұйымдастыруымен Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, әнші, композитор Тұрсынғазы Рахимов атындағы «Сәби болғым келеді» xалықаралық дәстүрлі әншілер байқауы өтеді. Ашылу салтанаты қазан айының 10-шы жұлдызында қалалық мәдениет сарайында сағат 14.00-15.00 аралығында ұйымдастырылып, І кезеңі сағат 15.00-ден 19.00-ге дейін жалғасады. Қазан айының 11-і күні Абай атындағы музыкалық драма театрында байқаудың ІІ кезеңі сағат 10.00-13.00 аралығында ұйымдастырылып, сағат 16.00-де шараның салтанатты жабылуы гала-концертпен аяқталмақ», - деп жазады Мерей Қартов.
Байқаудың мақсаты - Тұрсынғазы Рахимовтың шығармашылық жолына кең талдау жасап, еңбегін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, талантты жастардың шеберлігін шыңдауға ықпал ету. Халықаралық деңгейде өткелі отырған ауқымды шараға байқау қонақтары ретінде Рамазан Стамғазиев, Толғанбай Сембаев, Ерлан Рысқали, Алмасбек Алматов, Әділ Тұрғанбаев, Медет Салықов , Клара Төленбаева, Ғалым Мұхамедин, Ербол Айтбаев, Жоламан Құжыманов, Еркін Шүкіман, Мәншүк Тұрсынғазина, Әсем Омарова сынды әншілер шақырылған.
Айта кетсек, әнші, композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Тұрсынғазы Рахимов өткен жылы 65 жасқа қараған шағында дүние салған болатын. Ол 1951 жыл Аягөз ауданында дүниеге келген. 1994 жылы «Сәби болғым келеді» атты әндер жинағы шыққан. Мұқағали Мақатаевтың «Дариға, домбырамды берші маған», «Отыздан асып барамын», «Мен сені сағынғанда», «Санаулы күн, санаулы ай, санаулы жыл», «Сәби болғым келеді» атты танымал өлеңдеріне әуенге айналдырған композитордың жүзге тарта әні қалды.