Семейде заңсыз салынып жатқан көпқабатты үйдің құрылысы тоқтатылады
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында заңсыз салынып жатқан көпқабатты үй құрылысы тоқтатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметовтың жеке қабылдауына келген азаматтардың бірі көпқабатты үйдің заңсыз салынғанына шағымданған.
Белгілі болғандай, бұл үй Иртышская көшесі, 17 мекенжайындағы автотұрақ орнына салынуда.
«Осыған дейін Иртышская көшесіндегі 17-ші үй тұрғындарының өтінішімен мониторинг жасалған еді. Сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары көпқабатты тұрғын үй құрылысын арнайы рұқсат қағазынсыз «Виктория 13» ЖШС жүргізіп жатқанын анықтады. Тиісті хат ШҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жіберілген», - делінген Семей әкімдігінің хабарламасында.
Биылғы қаңтар айындағы жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша «Виктория 13» ЖШС-ге қатысты әкімшілік іс қозғалды.
Сондай-ақ анықталған құқық бұзушылықтарды жоюға, нақты айтқанда, құрылыс жүргізіліп жатқан жер телімінің нысаналы мақсатта пайдаланылуына ұйғарым берілген.
«Құрылыс салушы қысқа мерзімде рұқсат құжаттарын жөнге келтіруге міндетті. Әйтпесе, нысанның құрылысы тоқтатылады», - делінген мәліметте.