Семейде зейнеткерді көлік қағып, қаза болды

АСТАНА. KAZINFORM — 8 қыркүйек күні сағат 12:00 шамасында Toyota Land Cruiser автокөлігінің жүргізушісі Қ. Мұхамедханов көшесімен келе жатып, Абай көшесіне солға бұрылған кезде 69 жастағы әйелді қағып кеткен.

Семейде зейнеткерді көлік қағып, қаза болды
Фото: Абай облысы ПД

Абай облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ол реттелетін жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жолдан өтіп бара жатқан. Алған жарақаттарының салдарынан әйел оқиға орнында қайтыс болды.

— Жол қозғалысы ережелерін бұзып, абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған көлік құралын басқарған тұлғаға қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, — деді полиция қызметкерлері.

Абай облысы Полиция департаменті жүргізушілерді жаяу жүргіншілер өткеліне жақындаған кезде жылдамдықты төмендетіп, маневр жасау барысында ерекше сақ болуға шақырады.

Сондай-ақ жаяу жүргіншілерге жолдың жүру бөлігіне шығар алдында, тіпті бағдаршамның рұқсат беретін сигналы жанған кезде де, қозғалыстың қауіпсіз екеніне көз жеткізу ұсынылады.

Осыған дейін Алматы облысында жол апатынан екі жаяу жүргінші мерт болғанын жазғанбыз.