Семейде жабық футбол манежі салынып жатыр

Семейде жабық футбол манежінің таныстырылымы өтті.

Cемейде жабық футболдан манеж салынып жатыр
Фото: Семей қаласы әкімдігі

Қала әкімдігінің мәліметінше, кешеннің құрылысы Абай облысы әкімдігі мен Freedom Holding Corp компаниясы арасындағы меморандум аясында жүргізілуде. Компания басшысы Тимур Турлов кешен балалар үшін футбол әлеміндегі үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.

Cемейде жабық футболдан манеж салынып жатыр
Фото: Семей қаласы әкімдігі

«Балаларымызда еуропалық үздік клубтардағыдай жаттығу мүмкіндіктері болуы керек. Бұл кешен дайындық деңгейіне,әлеуметтік жағдайына қарамастан әр бала өзін үлкен спорттың бір бөлігі ретінде сезінуі үшін жасалған. Балалар біздің болашағымыз. Ал олардың келешегі жарқын болуы біздің қолымызда. Бұл кешен олардың спортшы ретінде қалыптасатын, білім алатын, армандарын жүзеге асыратын орын болады», - деді ол.

Манежде төрт киім ауыстыратын, жуынатын, асхана және ата-аналарға арналған бөлме болады. Кешенді сертификаттау жоспарланған. Бұл жоғары топтағы футболшы балалардың алаңда ресми матчтар өткізуіне мүмкіндік береді.

Футбол алаңдарының өлшемдері УЕФА мен ФИФА стандартына сәйкес келетін 105*66 метрге және 105*68 метрге дейін алып жатыр. Биылдың соңына дейін жабық манежді пайдалануға беру көзделген.