Семейде жанармай бекеті желісін салып жатқан инвестордың құқығы қорғалды
АСТАНА. KAZINFORM — Семейде инвесторға заңсыз айыппұл салудың жолы кесілді, деп хабарлайды Абай облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.
Абай облысының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп, автожанармай құю станциялары желісін салып жатқан «Gaz&Мұнай» ЖШС-нің құқықтарын қорғады.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 2,8 млрд теңгені құрайды. Нәтижесінде 184 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Прокуратура мәліметінше, табиғатты қорғау полициясы кәсіпорынға абаттандыру қағидаларын бұзды деген негізде әкімшілік хаттама толтырған.
— Наразылық қоршаудың болмауы мен құрылыс материалдарының сақталуына байланысты болған. Алайда әкімшілік іс материалдарын зерделеу барысында заңнама талаптарының дұрыс қолданылмағаны анықталды. Құрылыс материалдары серіктестіктің өз аумағында сақталған, яғни іргелес қалалық аумақта орналастырылмаған. Осыған байланысты Семей қаласының прокуратурасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға келісім беруден бас тартты. Нәтижесінде инвесторды заңсыз жауапкершілікке тартудың алдын алынды, — делінген хабарламада.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура еске салғандай, «прокурорлық сүзгі» тетігі аясында инвесторларға қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары міндетті түрде прокуратура органдарымен келісілуі тиіс.
Әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторлар +7 707 144 00 16 нөмірі немесе 115 Call-орталығы арқылы хабарласа алады.
Осыған дейін Шымкентте прокурорлар инвестордың полицияға қатысты шағымын тексеріп жатқанын жазғанбыз.