Семейде «Жас барлаушы» әскери-патриоттық клубы ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Семейде «Жас барлаушы» әскери-патриоттық клубы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталмыш шара Елбасының Қазақстан халқына жолдаған Жолдауын орындау аясында әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы мен Шығыс Қазақстан облысы әскери басқармасының жергілікті органдарына қолдау көрсету мақсатында Семей қаласындағы №49 мектепте ұйымдастырылды.
Шараның салтанатты ашылу рәсімінде клубтың мүшелері ант берді. Шарада әскери және мемлекеттік-құқықтық дайындық ісінің үздігі, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшісі Елнұр Оразхан клубтың командирі, 10-сынып оқушысы Диас Алтынбековке әскери-патриоттық клубтың туын тапсырды.
Ауғанстандағы соғыс ардагерлері қоғамдық кеңесінің төрағасы Боранбай Бегатов, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері, отставкадағы полковник Владимир Коновалов, қалалық білім басқармасының өкілдері және гарнизонның әскери қызметшілері жас патриоттарды құттықтады.
Сонымен қатар мектеп аумағында бастапқы әскери дайындық және әскери-патриоттық тәрбие сыныптары жұмысын бастады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Семейде 23 әскери-патриоттық клуб бар.