Семейде «Жігіт сұлтаны» байқауы өткізілді

Оған қаладағы білім ордаларының студенттері қатысты. Сайысқа қатысушылар өзін-өзі таныстыру, мылтық ату, қол күресі, қазақша күрес, аударыспақ, өнер сайысы және бата беру бөлімдері бойынша бақтарын сынады. Байқауды тамашалауға көрермендер көп жиналды. Бұл сайыстың мақсаты - халық арасынан өнерлі, ақылды ер азаматтарды іріктеп, оны жұртшылыққа таныстыру, ұлттық өнерді, салт-дәстүрімізді, тіліміз бен ділімізді өскелең ұрпаққа насихаттау, қазақ жігіттерінің өр мінезділігін, ақыл қайраты толысқан, қайтпас қайсарлығын дәріптеу, - дейді ұйымдастырушылар.
Байқауға қатысушы үміткерлер қойылған шарттардан мүдірмей өтіп, әділқазылар алқасы тарапынан төмендегідей орындарға ие болды. «Ер канаты - ат» аталымы - Елдос Қажығалымов (Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университеті), «Күш атасын танымас» - Фархат Ташметов (Қайнар университеті), «Мен алаштың Ұлымын» - Айдос Рахметуллин (Семей мемлекеттік медицина университеті), «Өнерлі өрге жүзер» - Қуандық Ибраимов (Семей мемлекеттік педагогикалық институты), «Құралайды көзге атқан» - Әбділдәбек Тұрсынов (Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті). Ал Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжінің студенті Айдос Төлеуханов бас жүлдеге қол жеткізіп, «Жігіт сұлтаны - 2013» атанды.
Байқау соңында жеңімпаздарға және барлық қатысушыларға грамоталар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.