Семейде жылыту маусымы мерзімінен бұрын басталды
Қалалық ақпарат орталығының мәліметінше, ауа температурасының төмендеуіне байланысты және ЖРВИ-дің өршуіне жол бермес үшін 25 қыркүйекте жылыту маусымы басталған.
Алдыңғы жылдары жылу кезең-кезеңімен қосылған еді: әуелі әлеуметтік және денсаулық сақтау нысандары, содан кейін тұрғын үйлер. Ал осы жылы барлығына бірдей уақытта қосылды.
«Қазір күннің суытуына орай қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұйрығымен «Теплокоммунэнерго» жылыту маусымын бастады. Бүгін әлеуметтік нысандар мен тұрғындарға жылу беріледі», - дейді ЖЭЦ-1 өндіріс жөніндегі директорының орынбасары Николай Демин.
Оның айтуынша, кәсіпорындағы көмір қоры шамамен 50 мың тоннаны құрайды. Бұл жылу беру кезеңінде қазандықтардың жұмысын толықтай қамтамасыз етеді.
«Биыл ЖЭЦ-1 мен 103 қазандыққа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы мақсатта бюджеттен 127 миллион теңге бөлінген. Бізде көмір жеткілікті. Қатты отын күнделікті 20-22 вагон мөлшерінде жеткізіледі. Қыс мезгіліне 100 пайыз дайынбыз», - деді Н.Демин.
Айта кетейік, қазіргі уақытта қала бойынша көмірдің бір тоннасының бағасы - 9500 теңге.