Семейдегі бірнеше үйдің ауласын су басқан Қаракөл ауылында жағдай тұрақталды
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Семей қаласы Озерки ауылдық округіндегі бірнеше үйдің ауласын су басқан Қаракөл ауылында жағдай тұрақталды.
Қазіргі уақытта Озерки ауылдық округінің Қаракөл ауылындағы жағдай тұрақты. Су басқан тұрғын үйлер мен аулалар жоқ.
«Өрістен еріп аққан қар суының ағыны едәуір азайды. Елді мекенге төніп тұрған қауіп жоқ. Қалған қызыл суды бұру үшін арналарды кеңейту мақсатында инженерлік жұмыстар жүргізілуде», - деп хабарлады Абай облысы әкімдігінен.
Абай облысының Төтенше жағдайлар департаментінен 7 адам және 2 техника, жергілікті атқарушы органдардан 5 адам мен 2 техника жұмылдырылды.
Еске салсақ, кеше Семейдегі Қаракөл ауылында бірнеше үйдің ауласын су басқаны хабарланған.
Ал бүгін Аягөзде өзен суы көтеріліп, көпірді қиратып кетті.