Семейдегі көне көпес үйінің ғимараты бұзылмайтын болды

Семейдегі көпес үйі
Фото: "Ертісмаңы" өлкетану қауымдастығы

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысы әкімдігінің Семейдегі көне көпес үйінің ғимаратын жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгізу туралы қаулысы заң аясында шығарылды деп танылды.

Облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының мәліметіне сүйенсек, ғимарат иесінің Абай облысы әкіміне 1844 жылы салынған көпес үйін жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгізу туралы қаулысының күшін жою және заңсыз деп тану туралы талап арызы бойынша әкімшілік іс қаралды.

«Көпес үйінің ғимараты тарихи-мәдени мұра объектісі ретінде 2021 жылдың 5 мамырында алғаш рет тіркеуге алынған. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы арнайы комиссияның 2021 жылғы 22 маусымдағы хаттамалық шешімімен Шығыс Қазақстан облысы әкімі орынбасарының хаты және тиісті қорытынды негізінде бұл ғимаратқа мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесі берілді», - делінген хабарламада.

Облыс әкімінің қаулысымен аталған нысан кіретін жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізімі бекітілген.

«Сот 1844 жылы салынған сауда үйін жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізімінен шығару туралы талап арызды қанағаттандырусыз қалдырды. Әкімдік бұл қадамға арнайы комиссияның шешімі негізінде заңды түрде барған. Яғни, нысанға мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру тәртібі толықтай сақталған», - делінген ақпаратта.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, 2021 жылдың жазында Найманбаев көшесі, 187 мекенжайындағы ескі зәулім үйді меншік иесі бұзбақ болған. Осылайша, ғимарат қабырғасының бір бөлігі қираған. Сол кезде көрші үйдің тұрғындары дабыл қаққан еді. Оларды қоғам белсенділері де қолдаған.

Соңғы жаңалықтар